Клуб
Әбдірәсіл Абдуманапұлы: «Әрбір ойын – мен үшін ерекше жауапкершілік»
11.12.2025
Футзал клубы «Семей» өз ойыншыларымен тұрақты түрде сұхбат жүргізуді бастайды. Бүгін назарда – команда шабуылшысы Әбдірәсіл Абдуманапұлы. Жас ойыншы маусымдағы өз формасы, ең қиын матч, жанкүйерлердің қолдауы және болашақ жоспарлары туралы шынайы бөлісті.
«Биыл адаптациям әлдеқайда жоғары болды»
– Биылғы маусымдағы өз формаңды қалай бағалайсың?
– Былтырғы маусыммен салыстырғанда биыл адаптациям жақсырақ болды. Командамен де, жаттықтырушылар штабымен де өзара түсіністік артты. Алаңда да, сыртында да өзін еркін сезіну – үлкен артықшылық.
«Ең жауапты матч – Польшаның «Пьястымен» өткен кездесу»
– Бұл маусымдағы сен үшін ең қиын ойын қайсы болды?
– Жауапкершілік деңгейі бойынша УЕФА Чемпиондар Лигасында «Пьястқа» қарсы сырт алаңда өткен матч ерекше қиын әрі маңызды болды деп ойлаймын.
«Соңғы екі жылда өзімді толыққанды ойыншы ретінде сезіне бастадым»
– Клубқа қосылғаныңа екі жыл. Осы уақыт ішінде қандай өзгеріс байқадың?
– Екі жылдың ішінде тәжірибе жинақтадым. Жанымда еліміздің футзал тарихында із қалдырған ағаларымыз бар. Сол кісілердің кеңесі мен қолдауының арқасында бұрынғыдай жас ойыншы емес, жауапкершілігі жоғары кәсіби ойыншы ретінде сезінемін.
«Жеке мақсаттан бұрын – командалық нәтиже»
– Алдағы матчтарға жеке мақсатың қандай?
– Мен үшін командалық мақсат әрқашан бірінші орында. Жеке жетістік команданың нәтижесімен өлшенеді.
«Жанкүйерлер даусы – бізге күш беретін үлкен мотивация»
– Сырт алаңдағы матчтарда жанкүйерлердің қолдауын сезесің бе?
– Әрине. Қазақстанның қай қаласына барсақ та «Семейдің» жанкүйерлерін көреміз. Әсіресе Польшада өткен ойын ерекше есте қалды. Мыңдаған польшалықтардың арасында біздің жанымыздан табылып, «Семей!» деп айқайлаған жанкүйерлердің даусы жігер береді. Сол қолдау үшін әр сантиметр үшін күресуге дайын боласың.
«Бос уақытымды – отбасыммен»
– Жаттығудан тыс уақытты қалай өткізесің?
– Негізінен отбасыммен. Маусым өте тығыз: екі күн қатар матчтар, жиі сапарлар. Сол себепті бос уақыт болса, барлығын отбасыммен өткізуге тырысамын. Серуендеу, таза ауа, кино – біздің кішкентай демалысымыз.
«Алаңдағы негізгі рөлім – қарсыластың шабуылын жоғарыдан тоқтату»
– Бапкер саған қандай рөл жүктейді?
– Алдыңғы шепте прессинг жасап, қарсыластан доп тартып алу – менің басты міндетім.
«Гол мен пас арасында таңдасам – голды таңдаймын»
– Сен үшін қайсы маңыздырақ: гол ма, әлде пас?
– Командалық нәтиже бәрінен маңызды. Бірақ егер таңдау қажет болса – гол.
«Әрбір ойында ерекше эмоция бар»
– Командамен бірге бастан өткерген ең жылы сәт?
– Көп. Қазақстан кубогының финалы, «Пьястпен» сырт алаңдағы матч... Бірақ шын мәнінде әрбір ойын мен үшін ерекше. Мұндай клубта ел чемпионатында және Еуропада ойнау – әр ойыншының арманы.
«Маған күш сыйлайтын – отбасым»
– Маусымның қиын кезеңдерінде не күш береді?
– Отбасым. Спортшы үшін жақындарының қолдауы – ең үлкен мотивация.
«Хейт – спорттың бір бөлігі»
– Өзіңе бағытталған хейтке қалай қарайсың?
– Бәрі жақсы бола бермейді. Кейде жеңіс, кейде сәтсіздік. Хейт – спортпен бірге жүретін нәрсе. Мұндай пікірлерге тоқтамай, керісінше екі есе еңбек етемін.
«Семей жанкүйерлері – Еуропадағы ең үздіктердің бірі»
– Жанкүйерлерге не айтқың келеді?
– Біздің жанкүйерлер – ерекше. Жеңісте де, сәтсіздікте де қолдаудан танбайды. «Семейге» алғаш келгенімде-ақ көп жанкүйер жеке жазып, жылы лебіз білдірді. Әрқайсысына алғыс айтамын. Сіздер – біздің күшімізсіздер!
- Сүйікті нөмірі: 11
- Футзалдағы үлгі тұтар ойыншысы: Дуглас Жуниор. Теледидардан көріп өстік. Кейін ұлттық құрамада бірге ойнау мүмкіндігі бұйырды. Көп кеңестер алдым. Соның ішіндегі ең есте қалғаны – күнделікті режимге қатысты қарапайым, бірақ маңызды кеңестері. Әрдайым: “Расул, таңғы ас ішуді ұмытпа!” – деп айтатын (күледі).
- Қазақстандағы сүйікті залы: Абай Арена
- «Семейдегі» ең жақсы түсінісетін серігі: Родригиньо
- Армандағы гол: Әр гол маңызды
- Ойын алдындағы әдет: Ырым жоқ






