Клуб
Аслан Смаков: «Ең бастысы – жеңіс және үш ұпай»
05.10.2025
«Семей» футзал клубының бас бапкері Аслан Смаков «Қарағанды» командасына қарсы өткен алғашқы ойында (3:1) жеңістен кейін өз пікірімен бөлісті.
«Бүгін біз жеңіске жетіп, үш ұпай алдық. Ең бастысы – осы. Әрине, жұмыс істеуіміз керек сәттер бар, бірақ жалпы алғанда ойынды толық бақылауда ұстадық.
Өз мүмкіндіктерімізді жүзеге асыра алмадық. Мүмкіндіктер өте көп болды, бірақ жігіттер жеткілікті салқынқандылық танытпады. “Қарағанды” өте төмен блокпен ойнады, ондай қорғанысты бұзу әрдайым қиын. Дегенмен, бізде гол соғатын жағдайлар болды, оларды пайдалануымыз керек еді.
Иә, мұндай ойындар болып тұрады. Кейбір жігіттер әлі бірге ойнамаған құрамда шықты. Біз әр ойыншының уақытын бақылаймыз, сондықтан түрлі нұсқаларды көріп жатырмыз. Осы сәттерді талдаймыз. Ертең дәл сондай дайындықпен шығып, жеңіске жетуге тырысамыз», – деді Смаков.
«Семей» мен «Қарағанды» арасындағы екінші кездесу ертең сағат 17:00-де «Абай Аренада» өтеді.






