Клуб

Чемпиондар лигасына дайындық басталды

01:00,

15.10.2025

Бөлісу

«Семей» футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне дайындықты бастап кетті. Команданың бас бапкері Аслан Смақов алдағы жоспарлар мен дайындық барысы жайлы бөлісті:

«Бүгін Чемпиондар лигасына дайындықты бастадық. Команда бірнеше күндік демалыстан кейін жиналды — біз ойыншыларға аздап тынығуға мүмкіндік бердік, себебі алда өте қарқынды екі апта күтіп тұр. Жалпы, жігіттер жақсы көңіл күймен оралды.

Бүгін алғашқы жаттығу өтті — технико-тактикалық дайындыққа баса назар аудардық. Ертең жоспар бойынша — күш жаттығулары.

Бірінші аптада шабуыл әрекеттерін жетілдіруге көңіл бөлеміз, ал екінші апта қорғанысқа арналады. Соңғы ойындарда бізге жетпеген сәттерді сол кезде пысықтаймыз», — деді бас бапкер.

Аслан Смақов физикалық дайындық пен алдағы күндер жоспарына да тоқталып өтті:

«Физикалық дайындық бойынша нақты жоспарымыз бар. Алдағы екі аптада жүктеме біртіндеп артады, себебі Чемпиондар лигасындағы футзал өте жоғары қарқынмен өтеді — бұл еуропалық деңгей.

Соңғы матчтарда бізге қажетті қарқын жетіспеді, себебі көбіне допты бақылауға және үшінші аймақта ойнауға басымдық бердік. Сондықтан қазір жаттығу арқылы сол қарқынды ойын ырғағын қайта қалыптастыру маңызды».

Сондай-ақ, бас бапкер алдағы қарсыластар туралы пікір білдірді:

«Барлық қарсыластар — тәжірибелі, жоғары деңгейлі командалар.

Хрудим — Чехияның мықты әрі күрескер ұжымы.
Этуаль — Франция командасы, жақсы дайындалған қарсылас.
Пальма — футзал әлеміндегі әйгілі гранд, соңғы үш жылда Чемпиондар лигасында үздік нәтиже көрсетіп жүрген клуб. Бізді өте маңызды ойындар күтіп тұр, сол себепті барынша тыңғылықты дайындалуға тырысамыз».

Испанияның «Пальма» клубына қатысты талдау жұмыстары да жүргізілуде:

«“Пальма” командасының соңғы ойындарын қарап шықтық, алдағы екі кездесуін де талдап, дайындыққа енгіземіз.

Биыл олардың құрамы біршама өзгерді — негізгі ойыншылардың кейбірі кеткенімен, олардың орнына сондай деңгейдегі жаңа ойыншылар келді. Сонымен қатар, олар Қазақстан чемпионатынан қақпашы қосты. Бұл да біздің назарда болатын жайттардың бірі», — деді Смақов.

Сонымен қатар, команда алдағы күндері Алматыға оқу-жаттығу жиынына аттанады:

«Қазір бірнеше командамен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ертең түстен кейін Алматыға жол жүреміз — онда Чемпиондар лигасына соңғы дайындық өтеді. Бір немесе екі жолдастық матч өткізуді жоспарлап отырмыз, өйткені ойын ырғағын сақтау қажет.

Бұл кездесулер жабық форматта өтеді, себебі олар дайындық кезеңінің бөлігі. Біз жиын барысын әлеуметтік желілерімізде бөлісеміз, бірақ бейнематериалдарсыз болуы мүмкін», — деп атап өтті бас бапкер.

«Семей» футзал клубы Еуропаның басты турниріне тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. Алда — қарқынды жаттығулар, жолдастық кездесулер және жаңа белестерге бастайтын үлкен мүмкіндік.

Бөлісу

Толығырақ оқыңыз

Жалпы серіктестер

Ресми серіктестер

Техникалық серіктестер

Серіктестер

Ақпараттық серіктес