Клуб
«ИрАэро» — 1XBET Semey Cup турнирінің жеңімпазы
01.02.2026
Семей қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық 1XBET Semey Cup футзал турнирі өз мәресіне жетті. Жарыс өңірдің спорттық өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, жоғары деңгейдегі командалардың басын қосты.
Турнирдің шешуші матчында Семей қаласының футзал клубы «Семей» мен Ресейдің Иркутск қаласынан келген «ИрАэро» командасы кездесті. Тартысқа толы финалдық ойын 3:2 есебімен «ИрАэро» командасының пайдасына шешіліп, қонақтар Semey Cup кубогының алғашқы иегері атанды.
Есепті 7-минутта «Семей» командасының ойыншысы Дедезиньо ашты. Алайда 12-минутта Александр Ситников («ИрАэро») есепті теңестірсе, 25-минутта Алекс Поцман ресейлік клубты алға шығарды. Кездесудің екінші бөлігінде 31-минутта Герейханов («Семей») есеп айырмасын қысқартты. Ал 33-минутта Паулиньоның голы ойынға интрига сыйлағанымен, финалдық матчтың нәтижесін өзгертуге жеткіліксіз болды.
Жеңіске жеткен «ИрАэро» командасын Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Рикардо Кака жаттықтырды. Ал футзал клубы «Семей» бас бапкері Аслан Смақовтың жетекшілігімен жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, туған қала жанкүйерлерінің қолдауына ие болды.
Халықаралық турнирге үш команда қатысты: Ресейдің «ИрАэро», Қарағанды қаласының «Тұлпар» және «Семей» футзал клубы. Барлық матчтар Семей қаласындағы «Арена» спорт кешенінде өтіп, жанкүйерлердің үлкен қызығушылығын тудырды.
Турнир аясында Қазақстан футзалының аңыз ойыншылары мен медиа тұлғалар қатысқан шоу-матч ұйымдастырылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Семей қаласында алғаш рет өткен халықаралық 1XBET Semey Cup турнирі жанкүйерлер мен спортшылар тарапынан жоғары бағаланды және алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Бұл жарыс — өңірде футзалдың дамуына серпін беретін маңызды қадам.
Semey Cup — жаңа дәстүрдің бастауы және Семей футзалының жаңа тарихы.







