Клуб

Маусымдағы кезекті ірі есеппен жеңіс

12:26,

13.12.2025

Бөлісу

«Семей» футзал клубы өз алаңында «Шымкент» клубын 12:0 есебімен ірі жеңіске жетті

Қазақстан чемпионатының 19-турындағы алғашқы матч «Семей» мен «Шымкент» командалары арасында өтіп, толықтай алаң иелерінің басымдығымен өрбіді. «Семей» ойыншылары қарсыластың қақпасына 12 жауапсыз гол соғып, турдың маңызды үш ұпайын еншіледі.

Кездесу келесі құраммен басталды: қақпада — Рауан Атантаев, алаң ойыншылары — Арнольд Кнауб, Ақжол Дәрібай, Камиль Герейханов және Бруно Гомес. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ «Семей» шабуылы жоғары қарқын алып, матч тағдырын ерте шешті.

3-минутта Камиль Герейханов қатты әрі дәл соққымен есеп ашты. 10-минутта жеке шеберлігін көрсеткен Бруно Гомес есепті еселеді. Арада бірнеше секунд өтер-өтпесте Гомес тағы бір гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді. Тайм соңында «Семейлік» ойыншы хет-трик жасап, бірінші бөліктің басты кейіпкеріне айналды.

Екінші таймда «Семейдің» қысымы одан әрі күшейді. 22-минутта Гомес кезекті голын соқты. Артынша Родригиньо да мергендігімен көзге түсті. Камиль Герейханов 24 және 26-минуттарда тағы екі мәрте нәтижелі соққы жасап, хет-трик авторы атанды.

Ринат Турегазин стандартты жағдайда гол соғып, команда басымдығын арттыра түсті. Кейін Марсело қарсылас ойыншыға тиіп бағытын өзгерткен доп арқылы есепті екі таңбалы көрсеткішке жеткізді.

Матч соңында Бруно Гомес өзінің пента-тригін рәсімдеп, ойынның абсолютті қаһарманы атанды. 40-минутта Ержан Карменовтың үшінші нәтижелі пасын дәл аяқтаған Ақжол Дарыбай соңғы нүктені қойды — 12:0.

Ертең «Абай Арена» «Семей» мен «Шымкент» командалары арасындағы екінші матчты қабылдайды. Кездесу 17:00-де басталады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жалпы серіктестер

Ресми серіктестер

Техникалық серіктестер

Серіктестер

Ақпараттық серіктес