Клуб
«Семей» негізгі кезеңді қорытындылады
03.11.2025
УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінің соңғы матчы «Семей» мен испаниялық «Пальма» футзал клубтарының арасында өтті. Өкінішке қарай, семейліктер алаң иелеріне 7:4 есебімен жол берді.
Кездесу басталысымен-ақ Балеар аралдарының өкілдері басымдықты өз қолына алды. 2-минутта Мачадоның пасын пайдаланған қарсылас ойыншысы допты Джайме қорғаған қақпаға дәл бағыттап, есеп ашты. Бірнеше минуттан кейін алыстан бағытталған соққы Камиль Герейхановқа тиіп, есеп 2:0 болды.
«Семей» де қарсы жауап қатты. 11-минутта Марсело бұрынғы командаласы Луан Мюллер қорғаған қақпаға жойқын соққы бағыттап, есепті қысқартты — 2:1. Дегенмен көп ұзамай «Пальма» тағы бір гол соғып, артықшылығын арттырды. Бұл жолы мергендік танытқан — жаңа маусымдағы шабуылшы Алиссон.
Бруно Гомес те өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, Педриньоның пасынан кейін есепті 3:2-ге жеткізді. Алайда алғашқы тайм соңына дейін испандықтар тағы үш рет мергендік танытып, үзіліске 6:2 есебімен кетті.
Екінші таймда «Семей» бас бапкердің нұсқауымен белсенді ойынды жалғастырды. Марсело дубль авторы атанып, есепті 6:3-ке өзгертті. 31-минутта алаң иелері жетінші голын соғып, басымдықты қайта нығайтты. Матчтың соңғы добын Бруно Гомес соғып, «Семей» екінші таймды 2:1 есебімен өз пайдасына аяқтағанымен, жалпы нәтиже — 7:4 «Пальманың» пайдасына.






