Клуб
«Семей» сырт алаңда жеңіске жетті
12.11.2025
«Семей» футзал клубы сырт алаңда қарағандылық «Тұлпардан» үш ұпай еншіледі.
Қазақстан чемпионатының 13-туры аясында өткен бұл кездесу бастапқыда кейінге шегерілген болатын. Дегенмен алаң иелері екі команда арасындағы ойынды Теміртау қаласындағы «Тау» спорт кешенінде өткізуді шешті.
Кездесудің басталуы тартысты өтті. Бірнеше жылдық тарихы бар «Тұлпар» командасы бас бапкер Әміржан Мұқановтың жетекшілігімен жоғары қарқын көрсетіп, алғашқы минуттардан-ақ қысым жасады. Алайда тәжірибесі мол «Семей» ойыншылары қарсыластың қателігін тиімді пайдаланып, Нұрсұлтан Пиялы бесінші минутта допты тартып алып, есеп ашты.
Ойынның 13-минутында қарағандылықтар таразы басын теңестірді — Калачевтің соққысы алғашқы таймның қорытынды есебін 1:1 етті.
Екінші таймда «Семей» өзіне тән шабуылдау стиліне көшті. Қақпашы Рауан Атантаев бағыттаған соққы серіктесі Камиль Герейхановқа тиіп, есепті 2:1 етті. Ал 32-минутта Дедезиньо Ержан Карменовтың ауттан берген пасын тиімді пайдаланып, есепті 3:1-ге жеткізді. Кездесудің аяқталуына алты минут қалғанда Бруно Гомес қарсылас алаңында допты тартып алып, ортаңғы сызықтан дәл соққы жасап, қорытынды есепті 4:1 етті.
Осылайша «Семей» сырт алаңда «Тұлпарға» қарсы өткен алғашқы кездесуде сенімді жеңіске жетіп, қоржындарына үш ұпай салды. Келесі матч 13 қараша күні сағат 19:00-де өтеді.






