Клуб
«Семей» УЕФА Чемпиондар лигасындағы алғашқы жеңісін тойлады
10:00,
29.10.2025
«Семей» футзал клубы Чехияның «Хрудим» командасымен кездесіп, 9:5 есебімен жеңіске жетті. Осы нәтижеден кейін семейліктер топта 3 ұпаймен көшбасшы атанды.
Ойын алғашқы минуттардан-ақ қос команданың жоғары қарқынмен бастағанынан байқалды. Аслан Смаковтың шәкірттері белсенді ойнап, қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, есепті алғашқы болып чехиялықтар ашты. 5-минутта Грицина мергендігімен көзге түссе, араға екі минут салып Сейдлер Джайме қорғаған қақпаға екінші голды соқты.
Дегенмен «Семейдің» солақай ойыншысы Габриэль Кандидо шабуылға серпін беріп, әдемі гол соғып есеп айырмасын қысқартты. Ал көп ұзамай қарсыластың қателігін тиімді пайдаланған Бруно Гомес таразы басын теңестірді – 2:2. Алайда бірінші тайм осымен аяқталған жоқ. Чехиялықтар екі дәл соққымен алға шықты: Сейдлер дубль авторы атанса, Заруба өз есімін таблоға жаздырды. Таймның соңында Марселоның соққысын бағыттаған Бруно Гомес есепті 4:3-ке дейін қысқартты.
Екінші таймда ойын толықтай «Семейдің» бақылауында өтті. Бас бапкердің үзілістегі нұсқауларынан кейін команда мүлде басқа қарқынмен оралып, бес бірдей гол соғып, жеңісті уысынан шығарған жоқ. «Хрудим» бір ғана голмен жауап қайтарғанымен, таблодағы 9:5 есебі матч тағдырын шешті.
Екінші таймда көзге түскен ойыншылар қатарында Чингиз Есенаманов, Камиль Герейханов, Марсело, Абдирасул Абдуманапұлы және хет-трик авторы әрі матчтың үздік ойыншысы атанған Габриэль Кандидо болды.
«Семей» келесі кездесуін француздық «Этуаль» футзал клубына қарсы өткізеді.






