Клуб
«Семей» УЕФА Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады
06.03.2026
«Семей» футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі 1/4 финалдың жауапты матчында француздық «Этуаль» клубына қарсы кездесуде жеңіліс тауып, турнирдегі жорығын аяқтады.
Кездесудің алғашқы минуттары «Семей» үшін өте сәтті басталды. Алаң иелері бірден ойын тізгінін өз қолына алып, қарсылас қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Ойынның 2-минутында «Семей» ойыншысы Марсело Сантос бұрыштамадан кейін дәл соққы жасап, есеп ашты. Бұл гол екі матчтың қорытынды есебі бойынша таразы басын теңестірді — 5:5.
Бірінші тайм жоғары қарқынмен өтті. «Семей» бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, үзіліске дейін таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды.
Екінші таймда француздық ұжымның шабуылы кезінде жіберілген қателікті «Семей» тиімді пайдаланды. Камиль Герейханов қақпашымен жеке-дара шығып, мүмкіндігін мүлт жібермей, командасын екі матчтың қорытындысы бойынша алға шығарды — 2:0. Бұл нәтиже Аслан Смақов шәкірттерін УЕФА Чемпиондар лигасының «Төрттік финалына» алып шығуға жеткілікті болып көрінді.
Алайда кездесудің соңғы минуттарында «Семей» бірнеше қателікке жол беріп, қарсыласқа есепті теңестіруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде «Этуаль» шешуші гол соғып, матч 2:3 есебімен француздық команданың пайдасына аяқталды.
Осылайша «Семей» УЕФА Чемпиондар лигасындағы сапарын өз алаңында өткен тартысты матчтан кейін 1/4 финал кезеңінде аяқтады.
Клуб басшылығы мен команда ойыншылары кездесуде командаға қолдау көрсеткен аренадағы барлық жанкүйерлерге шынайы алғысын білдіреді. «Семей» ұжымы жеңіс пен жеңілісте де жанкүйерлер қолдауын әрдайым сезінеді.







