Клуб
«Семей» vs «Кайрат»: Финал қызып тұр
25.06.2025
«Семей» футзал клубы Қазақстан чемпионатының финалдық сериясында алматылық «Қайратқа» қарсы екі үй матчын өткізді.
23 маусымда өткен алғашқы ойында «Семей» 1:0 есебімен минималды жеңіске жетті. Жалғыз голды Ринат Төрегазин бірінші тайм аяқталуға 19 секунд қалғанда соқты.
Екінші матч мүлдем басқа сценарийде өрбіді. «Қайрат» есепті ойынның басында-ақ ашып, бірінші таймда тағы үш рет мергендік танытты. Үзілістен кейін капитан Чингиз Есенаманов алаң ортасынан әдемі соққымен қақпашының үстінен допты асырып, есеп айырмасын қысқартты. Бірнеше минуттан соң бразилиялық легионер Габриэль Кандидо дубль жасап, есепті тағы қысқартты. Дегенмен, «Қайрат» бесінші голын соғып, матчтың соңғы есебін – 5:3 етіп белгіледі.
Осылайша, сериядағы есеп 1:1 болып теңесті.
Қарсыласу Алматы қаласында жалғасады. Үшінші және төртінші ойындар 28 және 29 маусым күндері өтеді.
Енді әр ойын шешуші мәнге ие. Команда сырт алаңда барынша жақсы нәтиже көрсетуге және маусымдағы басты мақсат — чемпиондық атаққа жақындауға ұмтылады.