Клуб
«Семей» — чемпион!
29.12.2025
Тараз қаласында өткен 2025 жылғы Қазақстан Кубогының «Төрттік финалы» «Семей» футзал клубының жеңісімен аяқталды.
Финалда «Семей» мен «Ақтөбе» командалары кездесіп, шешуші ойын семейліктердің айқын басымдығымен өтті.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ екі ұжымның да жеңіс үшін бар күшін салғаны байқалды. Алайда есепті бірінші болып «Семей» ашты. 6-минутта айып алаңының маңында Родригиньоның дәл пасын қабылдаған Дедезиньо жойқын соққымен таблодағы есепті өзгертті. Ал 14-минутта дәл осы Дедезиньо әдемі соққысымен есепті еселеп, турнирдің үздік сұрмергендері тізімінде көш бастады.
«Ақтөбе» тарапы жауапты гол соғуға талпынғанымен, нәтиже болмады. Серік Унбаев шәкірттерінің кезекті шабуылын Камиль Герейханов пен Габриэль Кандидо сәтті тоқтатып қана қоймай, жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде Кандидо қақпашының үстінен асыра тепкен доп есепті ірі етті — 3:0.
Алғашқы таймның аяқталуына аз уақыт қалғанда «Ақтөбе» тәуекелге барып, бесінші ойыншысын алаңға қосты. Алайда бұл шешім өз нәтижесін бермеді: қақпашы Лео Игита бос қалған қақпаға алыстан дәл соққы жасап, гол авторларының қатарына қосылды.
Бірінші тайм «Семейдің» айқын басымдығымен аяқталды. Екінші таймда да семейліктер ойынды өз бақылауында ұстады. Марсело сол қапталдан қарсыласын алдап өтіп, алыс бұрышта тұрған Ринат Турегазинді дәл паспен тапты. Осылайша кездесудегі бесінші голды Ринат өз есіміне жазды.
Ойынның соңғы минуттарында қарсылас команда «Семейдің» жіберген қателіктерін пайдаланып, екі гол соқты. Алайда бұл нәтиже жүлдені жеңіп алу үшін жеткіліксіз болды.
Осылайша «Семей» футзал клубы өз тарихында үшінші жыл қатарынан Қазақстан Кубогының финалына шығып, соңғы екі маусымда аталған турнирдің жеңімпазы атанып отыр. 2025 жылғы маусымның соңғы матчтарынан кейін команда қысқы демалысқа аттанады.
Команданы шын жүректен қолдаған барша жанкүйерлерге алғыс білдіреміз! Бұл жеңіс — сіздер үшін!
Алға, «Семей»! 💙







