Клуб
«Семей» өз алаңындағы 2026 жылғы алғашқы матчтарда «Астананы» екі рет жеңді
15.02.2026
Қазақстан чемпионатының 23–24-турлары аясында «Семей» футзал клубы 2026 жылғы алғашқы үй матчтарын «Астана» командасына қарсы өткізді. Екі ойын да тартысты өтіп, алаң иелерінің сенімді жеңісімен аяқталды.
Алғашқы кездесуде ойын басынан-ақ жоғары қарқынмен өрбіді. Матчтың 3-минутында жарақатынан айыққан Кайо Торрес «Семей» сапындағы алғашқы үйдегі ойынында гол соғып, есеп ашты. Алайда қонақтар жылдам жауап беріп, есепті теңестіріп қана қоймай, таблода алға шықты. Семейлік футзалшылар есепті теңестіргенімен, алғашқы тайм соңында «Астана» үшінші голын соғып, үзіліске алда шықты.
Екінші таймда бас бапкер Аслан Смақовтың нұсқауларынан кейін «Семей» ойын тізгінін толық өз қолына алды. Алдымен Габриэль Кандидо таразы басын теңестірсе, араға көп уақыт салмай Нұрсұлтан Пиялы қарсылас қателігін ұтымды пайдаланып, командасын алға шығарды. Ойынның аяқталуына бес минут қалғанда Кандидо дубль авторы атанса, команда капитаны Чингиз Есенаманов жойқын соққымен матчтағы соңғы нүктені қойды.
Екінші ойын күні алаң иелері өз басымдығын алғашқы таймның өзінде-ақ дәлелдеп, ірі есеппен алға шықты. Бірінші таймда-ақ матч тағдыры шешіліп, кездесу 10:3 есебімен «Семейдің» айқын жеңісімен аяқталды.
Кездесудің есте қалған сәттерінің бірі – «Семей» футзал клубы академиясының (U-17) тәрбиеленушісі Әлімжан Әкішевтің негізгі құрамдағы дебюті болды. Жас ойыншы алғашқы ойынында-ақ гол соғып, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады.
Алда «Семейді» маңызды халықаралық сынақ күтіп тұр. Команда УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясында Францияның Лаваль қаласында жергілікті «Этуаль» командасына қарсы сырт алаңдағы матчтарын өткізеді.







