Клуб
«Семей» – «Қайрат»: Тарихи жеңіс!
01.10.2025
Қазақстан чемпионатының 4-туры аясында «Абай Аренада» өткен кездесуде «Семей» футзал клубы «Қайратты» 10:4 есебімен ойсырата жеңіп, екі команданың тарихындағы ең ірі көрсеткішті тіркеді.
Матч басынан-ақ Аслан Смаковтың шәкірттері ойын тізгінін өз қолдарына алды. Екінші минутта Дедезиньо нәтижелі соққысымен есеп ашса, көп ұзамай қонақтар таразы басын теңестірді. Алайда «Семей» футболшылары жылдам қалпына келіп, бірінші таймда-ақ басымдылықты өздеріне қарай бұра білді.
Кездесудің басты кейіпкерлерінің бірі Педриньо болды. Ол қарсылас қақпасына үш бірдей гол соғып, ойынның үздік ойыншысы атанды. Сондай-ақ, Бразилия құрамасының қорғаушысы Марсело дубль авторы атанып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Дедезиньо да екі гол соғып мергендігін көрсетті. Екінші таймда алаңға шыққан Ринат Турегазин мен Ержан Карменов те гол соғып, таблодағы есепті ірі көрсеткішке жеткізді.
Қарсылас сапында Кайо Руиз бен Атирсон дубль авторы атанғанымен, «Семейдің» қарқынына төтеп бере алмады.
Бұл жеңіс – тек клуб жанкүйерлері үшін ғана емес, жалпы қазақстандық футзал жанкүйерлері үшін есте қаларлық оқиға болды. «Абай Аренаға» жиналған жанкүйерлер керемет ойынның куәсі болып, өз командасының тарихи жеңісін бірге тойлады.
Алда «Семейді» Қазақстан чемпионатының кезекті турлары күтуде. Клуб өзінің жеңісті жолын жалғастырып, жанкүйерлерін жаңа қуанышты сәттермен қуантуға ниетті. Келесі матч Қарағанды облысының «Қарағанды» клубына қарсы «Абай Аренада» өтеді.