Клуб

«Семей» екі матчта «Ақтөбені» ірі есеппен жеңді

11:05,

29.03.2026

Бөлісу

Қазақстан чемпионатының кейінге шегерілген 35–36 турлары аясында «Семей» мен «Ақтөбе» командалары арасында кездесулер өтті. Алаң иелері сенімді ойын көрсетіп, екі матчта да ірі есеппен жеңіске жетті.

Алғашқы кездесуде «Семей» футзал клубы қарсылас қақпасына жауапсыз тоғыз гол соқты. Есепті 5-минутта Камиль Герейханов ашты. Бір минуттан кейін Ержан Карменовтың нәтижелі пасынан кейін есеп еселенді. Одан кейін Абдирасил Абдуманапұлы қорғаушыларды шебер алдап өтіп, жойқын соққымен есепті үшке жеткізді. Команданың шабуылшысы Дедезиньо да жеке шеберлігін көрсетіп, бірден үш қорғаушыдан өтіп гол соқты. Бірінші тайм «Семейдің» толық басымдығымен аяқталды.

Екінші таймда алаң иелері қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Родригиньо мен Марсело бір-бір голдан соқты, ал Арнольд Кнауб дубль авторы атанып, қарсылас қақпасын тағы да дәл көздеді. Матчтың нүктесін Камиль Герейханов қойып, хет-трик авторы атанды. Қорытынды есеп — 9:0.

Жексенбі күнгі матч та «Семей» жанкүйерлері үшін сәтті өтті. Алаң иелері алғашқы минуттардан бастап ойын тізгінін өз қолына алды: 2-минутта Родригиньо есеп ашса, 14-минутта Дедезиньо есепті 2:0-ге жеткізді. Марсело Сантос тағы да белсенділік танытып, оның пасынан кейін «Ақтөбе» ойыншысы Қабылбаев допты өз қақпасына бағыттап алды.

Бұл кездесуде команда капитаны Чингиз Есенаманов ерекше көзге түсті. Ол 19, 22 және 39-минуттарда гол соғып, хет-трик авторы атанды және командасының ірі жеңісіне үлкен үлес қосты.

Осылайша, «Семей» тұрақты чемпионаттағы ойындарын сенімді жеңістермен аяқтап, алдағы сырт алаңдағы кездесулерге жақсы көңіл күймен дайындалуда.

Бөлісу

Толығырақ оқыңыз

Жалпы серіктестер

Ресми серіктестер

Техникалық серіктестер

Серіктестер

Ақпараттық серіктес