Клуб
«Семей» маңызды жеңіспен маусымды жалғастырды!
06.09.2025
«Семей» футзал клубы Қазақстан чемпионатының 2-туры аясында ақтаулық «Каспий» футзал клубына қарсы матчта 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойынның басынан-ақ «Семей» қауіпті сәттер ұйымдастырды. Кездесудің 2-ші минутында команданың шабуылшысы Дедезиньо алғашқы голды соғып, командасын алға шығарды. Алайда ақтаулықтар таразы басын теңестіріп, бірінші таймды тең есеппен аяқтады.
Екінші кезеңде екі тарап та алға шығуға бірнеше мүмкіндік алды. Интрига матчтың соңғы минуттарына дейін сақталды. «Семейдің» кезекті шабуылында Габриэль Кандидо оң қапталдан жойқын соққы жасап, командасын қайтадан алға шығарды. Ал матчтың нүктесін дебюттік голымен Марсело қойды.
Осылайша, екі турдан кейін «Семей» футзал клубы 6 ұпай еншілеп, маусымды өз алаңында жеңіспен бастады. Келесі матч 27–28 қыркүйекте «Абай Аренада» алматылық «Қайратқа» қарсы өтеді.