Клуб
«Семей» УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалында
08.12.2025
«Семей» футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы плей-офф кезеңінің жауапты матчында сырт алаңда польшалық «Пьяст Гливице» командасын 5:3 есебімен тізе бүктіріп, турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Алғашқы кездесу 3 желтоқсанда Семей қаласындағы «Абай Аренада» өтіп, 3:3 есебімен тең нәтиже тіркелген болатын. Бұл матч ширек финал жолдамасын анықтауды «Гливице Аренадағы» шешуші ойынға қалдырды.
Матч алаң иелерінің шабуылымен басталып, небәрі бірінші минутта Корпела «Семейдің» қорғаныстағы қателігін ұтымды пайдаланып, есеп ашты. Арада көп уақыт өтпей, бесінші минутта Бертолини басымдықты еселей түсіп, «Семей» үшін жағдайды қиындатты. Екінші голдан кейін бас бапкер Аслан Смақов тайм-аут алып, ойыншыларға сабыр сақтап, ойынды өз арнасына қайта бұру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Бірінші таймның аяқталуына екі минут қалғанда Нұрсұлтан Пиялы қарсыластың қателігін тиімді пайдаланып, маңызды гол соқты. Ал одан кейін көп ұзамай Марселоның алыстан бағыттаған соққысы қарсылас ойыншыға тиіп, доп Ринат Турегазиннің аяғына жетті. Ринат өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есепті теңестірді — 2:2.
Екінші тайм да жоғары қарқынмен өтті. Ойынның 28-минутында команда жастарынан Педриньо оң қапталдан сол аяғымен дәл әрі қуатты соққы жасап, «Семейді» алға шығарды.
31-минутта «Пьяст» капитаны шабуылды күшейту мақсатында бесінші ойыншы ретінде әрекетке қосылғанда, бұл шешім алаң иелері үшін қателікке айналды. Лео Игита қақпаға бағытталған соққыны кеудесімен қайтарса, допты бірден іліп алған Ринат Турегазин орта алаңнан бос қалған қақпаға дәл соққы жасап, есепті 4:2-ге жеткізді.
Дегенмен, поляк командасы берілмей, 31-минутта Микуим жеке дара шыққан сәтін сәтті аяқтап, есепті қысқартты — 3:4. Матч соңында «Пьяст» тағы да бесінші ойыншымен шабуылға шықты. Бірақ бұл жолы да тәуекел нәтижесіз болды. Марсело қарсыластың пасын оқып, допты тартып алды да, шешуші голды соғып, матчқа нүкте қойды — 5:3.
Осылайша, «Семей» футзал клубы тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына жолдама алып, Еуропадағы жорығын сенімді түрде жалғастырады.
Ширек финалда «Семейдің» қарсыласы — топтық кезеңде жолдары түйіскен Францияның «Этуаль» футзал клубы. Алғашқы матч 23 ақпанда Францияда өтеді, жауапты ойын 6 наурызда Семей қаласында ұйымдастырылады.






