Клуб
«Семей» — финалда!
27.12.2025
«Семей» футзал клубы Тараз қаласында өтіп жатқан Қазақстан Кубогының жартылай финалында «Атырау» футзал клубымен кездесіп, аса тартысты матчта жеңіске жетіп, финал жолдамасын иеленді.
Кездесу алғашқы минуттардан-ақ жоғары қарқынмен өтті. Ойынның алғашқы алты минутында «Атырау» басымдық танытып, қарсыласты қателікке ұрындырды. 6-минутта Ержан Карменов өз айып алаңында ереже бұзып, төреші пенальти белгіледі. Бұл мүмкіндікті атыраулық ойыншы Алиссон Сантос мүлт жібермей, есеп ашты. Араға екі минут салып, «Атырау» шабуылды үдетіп, Габриэльдің голы арқылы басымдылығын арттырды — 2:0.
Келесі шабуылдардың бірінде «Атырау» қақпашысы Лео шабуылға қосылған сәтте, «Семей» шабуылшысы Дедезиньо допты тартып алып, Родригиньоға дәл пас жеткізді. Ол бос қалған қақпаны дәл көздеп, есеп айырмасын қысқартты. Ал бірінші таймның аяқталуына бір минут қалғанда «Семей» қақпашысы Джайме сол аяғымен жойқын соққы жасап, клуб тарихындағы алғашқы голын соқты. Дегенмен, таймның соңғы секундтарында «Атырау» бұрыштамадан нәтижелі соққы жасап, бірінші тайм 3:2 есебімен аяқталды.
Екінші таймда «Семей» тактикалық өзгерістер жасап, бұл шешім көп ұзамай өз нәтижесін берді. Туған жерінде ойнап жүрген Әбдірасыл Абдуманапұлы оң қапталда қарсыласына қысым көрсетіп, допты тартып алды да, айып алаңындағы Дедезиньоға дәл пас беріп, есепті теңестірді — 3:3.
Матч соңына дейін есеп өзгеріссіз тұрғанымен, шешуші сәтте Габриэль Кандидо өз сөзін айтты. Оң қапталдағы бірнеше нәтижелі шабуылдардың бірінде ол Дедезиньомен пас алмасып, ойынның аяқталуына 40 секунд қалғанда жеңіс голын соқты.
Осылайша «Семей» футзал клубы Қазақстан Кубогының финалына үшінші жыл қатарынан жолдама алып отыр.
Финалдағы қарсыласымыз — «Ақтөбе» футзал клубы.
Шешуші матч 28 желтоқсан күні сағат 19:00-де «Тараз Аренада» өтеді. Ойынды тікелей эфирде «Qazsport» телеарнасынан және арнаның ресми сайтынан тамашалауға болады.







