Клуб
Біржан Оразов пен Дәурен Тұрсағұлов — «Семей» футзал клубының ойыншылары
03.08.2026
Екі футзалшы да ұзақ жылдар бойы ең жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Олар — бірнеше дүркін Қазақстан чемпиондары, ел кубоктарының жеңімпаздары және халықаралық аренада Қазақстан намысын тұрақты қорғап жүрген тәжірибелі ойыншылар. Өз мансаптары барысында Біржан мен Дәурен отандық футзалдың үздік ойыншыларының қатарынан көрініп, УЕФА Футзалдан Чемпиондар лигасы мен Қазақстан ұлттық құрамасы сапында мол тәжірибе жинақтады.
Биржан Оразов 2022 жылғы Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені атанып, ұлттық құраманың негізгі көшбасшыларының біріне айналды. Ал Дәурен Тұрсағұлов кәсібилігімен, жан-жақтылығымен және бай тәжірибесінің арқасында Қазақстандағы ең тұрақты әрі сенімді ойыншылардың бірі ретінде танылды.
Бір қызығы, екі ойыншы да Аягөз қаласының тумалары. Олар ұзақ жылдар бойы бірге өнер көрсетіп, тек алаңдағы серіктестер ғана емес, өмірдегі жақын достарға айналды. Енді бұл жарасымды жұп өз жолын «Семей» футзал клубының сапында бірге жалғастырады.
Біржан Оразов пен Дәурен Тұрсағұловтың клубқа қосылуы «Семей» үшін 2026/27 жылғы маусым алдындағы маңызды күшейту болды. Алда команданы Қазақстан чемпионаты, Қазақстан кубогы және УЕФА Футзалдан Чемпиондар лигасы күтіп тұр. Жаңадан қосылған ойыншылардың тәжірибесі мен көшбасшылық қасиеттері команданың ең жоғары мақсаттарға жетуіне септігін тигізеді.
«Семей» футзал клубы Біржан мен Дәуренді үлкен отбасының мүшесі ретінде қарсы алып, жаңа маусымда жарқын ойын, үлкен жеңістер және сәттілік тілейді! 💙









