Клуб

«Семей» мен «Ақтөбе» өзара екі кездесуде жеңіспен алмасты

09:00,

05.10.2026

Бөлісу

3–4 қазан күндері футзалдан Қазақстан Суперлигасының 7–8-турлары аясында «Семей» өз алаңында «Ақтөбе» командасын қабылдады. «Арена» спорт кешенінде өткен екі кездесудің алғашқысы алаң иелерінің жеңісімен аяқталса, екінші ойында қонақтар басым түсті.

Алғашқы кездесуде «Семей» 5:2 есебімен жеңіске жетті.

7-тур аясындағы матчта семейліктер алғашқы минуттардан-ақ белсенді ойын өрнегін көрсетті. 10-минутта Педриньо есеп ашса, араға бір минут салып Нардиньо басымдықты еселеді. Бұл оның «Семей» сапындағы алғашқы голы болды.

18-минутта Педриньо екінші мәрте мергендік танытып, командалар үзіліске 3:0 есебімен аттанды.

Екінші таймның басында «Ақтөбе» сапынан Нұрхан Байзақов есеп айырмасын қысқартты. Алайда 31-минутта Педриньо үшінші голын соғып, хет-трик авторы атанды.

Көп ұзамай Батырхан Кенжеғали қонақтардың екінші голын соқты. Ал 34-минутта Габриэль Кандидо кездесудің соңғы голын тіркеп, қорытынды есепті 5:2-ге жеткізді.

Екінші кездесуде «Ақтөбе» 4:1 есебімен басым түсті.

8-турдағы қарымта кездесу де тартысты өтті. Ойынның 3-минутында Габриэль Кандидо есеп ашып, «Семейді» алға шығарды.

13-минутта Нұрхан Байзақов таразы басын теңестірді. Бірінші тайм 1:1 есебімен аяқталды.

Екінші таймда қос команда да гол соғуға мүмкіндік іздеді. Алайда 35-минутта Азиз Камалов қонақтарды алға шығарды.

Кездесудің соңғы минуттарында «Семей» есепті теңестіру мақсатында бесінші алаң ойыншысымен шабуылға көшті. Дегенмен «Ақтөбе» бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тағы екі гол соқты. Алдымен доп Кайо Торрестен өз қақпасына бағытталса, кейін Гильерме Микуим кездесудің қорытынды есебін белгіледі – 1:4.

Бұл кездесуде Дәурен Тұрсағұлов та алаңға шығып, жаңа маусымдағы алғашқы ойынын өткізді.

Осылайша, «Семей» Суперлиганың 7–8-турларында үш ұпай еншілеп, сегіз тур қорытындысы бойынша 18 ұпаймен турнирлік кестенің екінші сатысына орналасты.

Ал алғашқы кездесуде хет-трик жасаған Педриньо сегіз турда 12 гол соғып, чемпионаттың үздік сұрмергендер тізімінде көш бастады.

Бөлісу

Толығырақ оқыңыз

Жалпы серіктестер

Ресми серіктестер

Техникалық серіктестер

Серіктестер

Ақпараттық серіктес