Клуб
«Семей» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңін екінші орынмен аяқтады
02.11.2026
«Семей» футзал клубы Словакияның Лученец қаласында өткен УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы негізгі кезеңін сәтті аяқтап, турнирдің 1/8 финалына жолдама алды.
28–31 қазан аралығында өткен негізгі кезеңде жерлестеріміз Испанияның «Барселона», Швейцарияның «Минерва» және Словакияның «Лученец» командаларымен бір топта өнер көрсетті.
«Семей» — «Лученец» 6:0
28 қазанда өткен алғашқы кездесуде «Семей» турнир қожайыны «Лученец» командасын ірі есеппен жеңді.
Бірінші таймда Ринат Төреғазин мен Педриньо қарсылас қақпасын дәл көздеп, команда үзіліске 2:0 есебімен аттанды. Екінші таймда Родригиньо, Нұрсұлтан Пиялы, Дедезиньо және Шыңғыс Есенаманов гол соғып, қорытынды есепті 6:0-ге жеткізді.
«Семей» — «Барселона» 1:6
29 қазанда жерлестеріміз Еуропаның ең атақты клубтарының бірі, бес дүркін Чемпиондар лигасының финалисі «Барселонамен» кездесті.
Испаниялық ұжым бірінші таймда екі гол соғып, басымдыққа ие болды. Үзілістен кейін Дедезиньо есеп айырмасын қысқартқанымен, қарсылас тағы төрт мәрте мергендік танытты. Нәтижесінде кездесу 1:6 есебімен аяқталды.
«Минерва» — «Семей» 1:5
31 қазанда өткен негізгі кезеңнің соңғы кездесуінде «Семей» Швейцарияның «Минерва» командасымен күш сынасты.
Ойын барысында қарсылас есеп ашқанымен, Дедезиньо пенальтиден таразы басын теңестірді. Бірінші таймның соңында Біржан Оразов командасын алға шығарды.
Екінші таймда Габриэл Кандидо екі мәрте мергендік танытып, есеп айырмасын ұлғайтты. Ал кездесудің соңғы минутында Нұрсұлтан Пиялы ойынның нүктесін қойды — 5:1.
Негізгі кезеңнің қорытындысы
Осылайша, «Семей» үш кездесуде екі жеңіске жетіп, бір рет жеңіліс тапты. Команда қарсылас қақпасына 12 гол соғып, өз қақпасына 7 доп жіберді.
6 ұпай жинаған жерлестеріміз топтық кезеңді «Барселонадан» кейінгі екінші орынмен аяқтап, УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалына жолдама алды.
Келесі қарсылас — «Атлетик»
4 қарашада Швейцарияның Ньон қаласында өткен жеребе тарту рәсімінің қорытындысы бойынша «Семейдің» 1/8 финалдағы қарсыласы Украинаның «Атлетик» клубы атанды.
Алғашқы кездесу 23 қарашада сырт алаңда, ал қарымта матч 4 желтоқсанда Семей қаласында өтеді.
Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда ширек финалға жолдама алып, «Л84 Торино» (Италия) — «Хит» (Украина) жұбының жеңімпазымен кездеседі.







