Клуб
«Семей» жартылай финалды екі жеңіспен бастады
05.06.2026
«Семей» футзал клубы Қазақстан чемпионаты плей-офф кезеңінің жартылай финалындағы алғашқы екі ойында «Атырауды» өз алаңында сенімді түрде жеңіп, финал жолдамасына бір қадам жақындай түсті.
Серияның алғашқы екі кездесуі Семей қаласында өтті. Алаң иелері қарсыласынан екі матчта да басым түсіп, үш жеңіске дейін жалғасатын серияда 2:0 есебімен алға шықты.
Алғашқы ойында «Семей» шабуылдағы жоғары нәтижелілігін көрсетіп, қарсылас қақпасына жауапсыз алты гол соқты — 6:0. Кездесуде Габриэль Кандидо, Родригиньо Барбоса, Педриньо және Ержан Карменов мергендігімен көзге түссе, Дедезиньо дубль авторы атанды.
Екінші матчта да жерлестеріміз жеңіс жолынан жаңылмады. Бұл жолы «Семей» 3:1 есебімен басым түсті. Команда сапынан Дедезиньо, Бруно Гомес және Педриньо гол соқты. Ал қонақтар қатарындағы Джоната бір мәрте мергендік танытты.
Осылайша, жартылай финалдық сериядағы есеп 2:0-ге жетті. Енді командалар Атырау қаласында кездеседі. Үшінші матч 9 маусым күні өтеді. Егер бұл ойында жеңіс «Атырау» командасының еншісінде болса, серияның төртінші кездесуі 10 маусымда ұйымдастырылады.
«Семей» футзал клубы өз жанкүйерлеріне қолдаулары үшін алғыс білдіреді және команданы алдағы маңызды ойындарда да қолдауға шақырады.









